15
декабрь
2021
5 сынып оқушыларын "Жас Ұланға" қабылдау!
5 сынып оқушыларын "Жас Ұланға" қабылдау!
Бүгін мектебімізде қуанышқа толы күн болды. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына арналған мерекелік шара 5 сынып оқушыларын "Жас Ұланға" қабылдаумен басталды. Шараға арнайы ауылымыздың әкімі Жандос Жұмағұлов қатысып,бірқатар жандар марапатталды. Одан бөлек Тәуелсіздік құрдастары да құрметке бөленді.
Көк аспанда еркін қалықтаған қыранға айналуды қазақ жұрты айлар, жылдар, ғасырлар бойы аңсады. Жазира далада аунап-қунап, арғымақты жүгендеп, желмен жарыса шапқан азат ұлттың бодандықтың бұғауында қалуы еңсесін езді. Бірлікті, елдікті, ерлікті насихаттаған текті халық бір сәтте адам аярлық халге түсті. Еркіндікті аңсаған қанша адам опық жеді, қанша боздақ оққа ұшты.
Бодандықтан босаймыз, тәуелсіз ел, ұлт боламыз деген үкілеген үміт жолында бір ғана көтеріліс болмады. Ақырғысы – «Желтоқсан оқиғасы» еді. Мектебіміздің жастары сол оқиғаны жиналған көрерменге ұсынып,көрініс қойды. Желтоқсанның ызғарлы әні шырқалды, арнаулар оқылды.
Біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс.